Geely Қазақстан нарығына арналған жаңартылған флагмандық Monjaro кроссоверін таныстырды
Алматы, 2026 жылғы 8 шілде. Қазақстандағы Geely брендінің ресми дистрибьюторы әрі Orbis Auto автомобильдер тобының құрамына кіретін G Motors Kazakhstan компаниясы жаңартылған Geely Monjaro флагмандық кроссоверін таныстырды. Жаңа модель электронды басқарылатын CCD адаптивті аспасымен, Flyme Auto цифрлық экожүйесімен және жүргізушіге көмек көрсететін интеллектуалды жүйелердің кеңейтілген кешенімен жабдықталған.
Қазақстанда модель екі жабдықталу деңгейінде ұсынылады: Flagship және Flagship+. Flagship нұсқасының бағасы 16 290 000 теңгеден, ал Flagship+ нұсқасы 16 790 000 теңгеден басталады.

Соңғы бес жыл ішінде әлемдік нарықта Geely Monjaro сатылымы 30-дан астам елде 1 миллионнан астам автомобильге жетті. Қазақстанда 2023 жылдан 2026 жылдың маусымына дейін аталған модельдің 1540 данасы сатылып, брендтің флагмандық кроссоверіне деген тұтынушылар сұранысының тұрақты екенін дәлелдеді.
«Geely Monjaro бүгінде Қазақстандағы брендтің негізгі модельдерінің біріне айналып, жайлылықтың, қауіпсіздіктің және бай жабдықталудың үйлесімі арқылы тұтынушылардың сеніміне ие болды. Жаңартылған нұсқада біз қазіргі таңда сатып алушылар үшін шешуші мәнге ие сипаттамаларға ерекше көңіл бөлдік. Олар – басқару сапасы, автомобильмен цифрлық өзара әрекеттесу және әр сапардағы жайлылық. Біздің ойымызша, дәл осы факторлар технологиялық кроссоверлердің жаңа стандартын қалыптастырады», – деді G Motors Kazakhstan дистрибуция жөніндегі директоры Регина Амерханова.
Модельдің негізгі жаңартуларының бірі - электронды басқарылатын CCD бейімделгіш аспасы, ол жол бетін секундына 1000 ретке дейін талдайды және амортизатордың қаттылығын нақты уақыт режимінде үздіксіз реттейді.

Жүргізуші аспаның бірнеше жұмыс режимін таңдай алады: барынша жұмсақ әрі жайлы режимнен бастап, шассидің реакциясы дәл әрі жинақы болатын спорттық режимге дейін.
CMA модульдік платформасында құрастырылған Monjaro алтыншы буындағы BorgWarner интеллектуалды толық жетек жүйесімен бірге айналу моментін алдыңғы және артқы осьтер арасында дәл әрі жылдам үлестіріп, автомобильдің әртүрлі жол жағдайларына тиімді бейімделуіне мүмкіндік береді.
Салон да елеулі жаңартуларға ие болды. Geely Monjaro 15,4 дюймдік мультимедиялық дисплеймен, 12,3 дюймдік толық цифрлық аспаптар панелімен және 25,6 дюймдік проекциялық дисплеймен жабдықталған. Flyme Auto мультимедиялық жүйесі Apple CarPlay және Android Auto жүйелерін сымсыз режимде қолдап, смартфонмен ыңғайлы әрі үздіксіз интеграцияны қамтамасыз етеді.
Monjaro-ның технологиялық мүмкіндіктері премиум деңгейдегі жайлылықпен үйлеседі. Дөңгелек базасы 2845 мм болатын кең салонда жоғары сапалы әрлеу материалдары мен мұқият ойластырылған эргономика қолданылған. Алдыңғы орындықтар желдету, жылыту және үш қарқындылық деңгейі бар 8 нүктелі массаж функциясымен жабдықталған. Flagship+ нұсқасында дәл осы функциялар алдыңғы жолаушы орындығына да қолжетімді. Көлемі 1300 литрге дейін ұлғайтылатын жүксалғыш кроссоверді күнделікті пайдалануға да, ұзақ сапарларға да ыңғайлы етеді.
Модель жүргізушіге көмек көрсететін заманауи жүйелердің кең кешенімен жабдықталған. Олардың қатарында адаптивті круиз-бақылау, автоматты төтенше тежеу жүйесі, жолақта ұстап тұру жүйесі, соқыр аймақтарды бақылау және автомагистральда қозғалысқа көмекші жүйе бар.
Сыртқы келбеті де бірқатар жаңартуларға ие болды. Негізгі өзгерістердің бірі – тау шыңдарынан шабыт алған жаңа радиатор торы, ол автомобильдің сенімді әрі мәртебелі сипатын айқындай түседі. Сондай-ақ жаңартылған аэродинамикалық элементтер мен жаңа дизайндағы доңғалақ дискілері кроссовердің серпінді әрі премиум бейнесін толықтыра түсті.
Monjaro Flagship және Flagship+ комплектациялары 245 а.к. қуатқа ие 2,0 литрлік турбоқозғалтқышпен, 8 сатылы автоматты беріліс қорабымен және интеллектуалды толық жетек жүйесімен жабдықталған. Қозғалтқыштың айналу моменті 380 Н·м құрайды, ал 0-ден 100 км/сағ жылдамдыққа дейінгі үдеуі небәрі 7,6 секунд, бұл өз сегментіндегі үздік көрсеткіштердің бірі.
Орташа жанармай шығыны 100 шақырымға 8,9 литрді құрайды.
Бастапқы комплектацияның өзінде-ақ модель премиум жабдықтардың кең жиынтығын ұсынады. Олардың қатарында жарықдиодты оптика, люгі бар панорамалық шатыр, жүксалғыш қақпағының электржетегі, алдыңғы әйнек пен рульді жылыту, навигациясы және дауыстық көмекшісі бар мультимедиялық жүйе бар.
Flagship+ нұсқасы қосымша 20 дюймдік жеңіл қорытпалы дискілермен, үш аймақты климат-бақылаумен, кеңейтілген шынайылық (AR-HUD) проекциялық дисплейімен, 16 динамигі бар Flyme Sound аудиожүйесімен және жүргізушіге көмек көрсететін электрондық жүйелердің кеңейтілген пакетімен жабдықталған.
Модельге 7 жыл немесе 200 000 шақырым жүріске дейінгі ресми кепілдік беріледі.
Бүгінде Geely Қазақстанның 14 қаласында орналасқан 19 ресми дилерлік орталықта ұсынылған. Брендтің алдағы жоспарларына Қостанай, Шымкент және Қарағанды қалаларында екінші дилерлік орталықтарды, сондай-ақ Тараз бен Петропавл қалаларында жаңа дилерлік орталықтарды ашу кіреді.






